ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ

«Гүл Алматы — Flower city» фестиваль-концерті

Хор өнерінің дамуына, оның ішінде балалар хорының ерекшелігін ескеріп, насихатталуына бірден-бір атсалысып жүрген Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясын айтуға болады. Осы жұмыстың бірі емес бірегейі ретінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін — «Гүл Алматы — Flower city» фестиваль-концерті биыл да өз нәтижесін көрсетті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен төртінші мәрте ұйымдастырылып жатқан фестивальдің мақсаты — еліміздегі балалар хорын қолдап, жас таланттардың танылуына ықпал ету. Іс-шараның негізгі авторы, ұйымдастыруға мұрындық болған республикаға танымал өнер ұжымы Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы. Ұйымдастырушысы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы.

Бұл іс-шара республикамыздағы осы форматтағы бірден-бір теңдесі жоқ фестиваль болып табылады. Бүгін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне ашылуы өткен кеште капелланың көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов сөз сөйлеп, өнерпаз балаларға сәттілік тіледі. Фестивальге қатысқан алты балалар хоры кіші хор «Қоңырау» Престиж мектебі, орта хор «Бәйтерек» №79 гимназия, орта хор «Қоңырау», «Бірлік» балалар хоры №5 МБМ, «Іскер» ұлдар хоры №5 МБМ, «Көктем» балалар хоры №1 МБМ  жан-жақтылықтарын, кәсіби шеберліктерін байқатты. Концерттің соңын Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы аяқтады.

Өз шәкірттерін үлкен сахнадан көрген ұстаздар және өз балаларының өнерін тамашалаған ата-аналар да ерекше қуанышта болды. Кеш соңында барша қатысушыларға филармония әкімшілігі атынан «Алғыс хат» пен кәдесый табыс етілді.

Әлеуметтік желіде бөлісу