ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ
Назар аударыңыз! Құрметті тыңдарман, қонақтарға кедергі келтірмес үшін, филармония есіктері концерт басталғаннан соң, 25 минуттан кейін жабылады. Жас шектеуі: 6+ (өздеріңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі сұралады)

ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ Назар аударыңыз! Құрметті тыңдарман, қонақтарға кедергі келтірмес үшін, филармония есіктері концерт басталғаннан соң, 25 минуттан кейін жабылады. Жас шектеуі: 6+ (өздеріңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі сұралады)

Филармония туралы

Ұлттық музыка өнерінің қара шаңырағы – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның іргетасы 1935 жылы қаланды. Кеңес Одағы республикаларының қалыптасуы кезінде музыка мәдениеті мен өнерін дамытуға орасан зор көңіл бөлініп, қолдау жасалды. Ұлттық көркемөнер ұжымдарын құруға, ағартушылық және концерттік қызметке мейлінше қолдау көрсетілді. Бұл ұмтылыс 1935 жылғы 14 қаңтарда ҚазКСР Халық Комиссарлар Кеңесі қаулысының жарыққа шығуына әкеліп, Алматы қаласында Қазақ Мемлекеттік филармониясы құрылып, оған 1938 жылы ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Осы кезден бастап филармонияның концерттік қызметі жедел қарқынмен дамып, көркемөнер ұжымдары республиканың барлық жауапты да беделді шараларына қатысып, бүкілодақтық аренада да үлкен абыроймен өнер көрсетті.

            Филармонияның тұңғыш директоры және көркемдік жетекшісі – аса көрнекті музыкатанушы ғалым, композитор, дирижер, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР ҒА академигі, қоғам және мемлекет қайраткері, қазақтың дәстүрлі музыкасы туралы «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» атты шежірелі монографиялардың авторы Ахмет Жұбанов болды. Ахмет Жұбановтан кейін филармонияны әрі қарай дамыту үрдісінің басында тұрып, оны кәсіби біліктілікпен басқарғандардың есімі де қазақ музыка тарихының шежіресіне енді. Олар: Е.Брусиловский, А.Қапламбеков, М.Қойшыбаев, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Амангелдиев, М.Бестібаев, Т.Ибраев, Ә.Дәуітбаев, Т.Әлпиев, М.Өтеуов, Қ.Оразғалиев. 

            90 жыл бұрын филармония өз қабырғасында 14 музыканты бар домбырашылар ансамблінің, хор және үлкен солистер тобының бастарын қосты. Халықтың арасынан шыққан дара дарындарға тың тыныс ашты. Құрамында Ахмет Жұбанов басқарған қазақ халық аспаптар оркестрінің, атақты күйшілер Дина Нұрпейісова, Науша Бөкейханов, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Лұқпан Мұхитов, Рүстембек Омаров, Үрия Тұрдықұлова, Ғарифолла Құрманғалиев, Қосымжан Бабақов, ағайынды Мүсілім және Ришат Абдуллиндердің болуы заңды құбылыс еді. Себебі олардың репертуарларының 99 пайызын қазақтың дәстүрлі музыкасы құрады.

            Мемлекеттік филармонияның концерттік залы Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов, Құддыс Қожамияров, Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова, Кенжебек Күмісбеков, Анатолий Бычков, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, Тілес Қажығалиев, Сейдолла Бәйтереков, Балнұр Қыдырбек сынды отандық композиторлар төл туындыларының алғашқы тұсаукесерлерінің куәсі болғанын айта кеткен де артық болмас.

            Филармония көркемдік төлтумалық шығармаларды дүниеге келтірген отандық авторлардың шығармаларын насихаттау арқылы республиканың музыка өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Филармония сахнасында халық аспаптарының орындауындағы туындылардан бастап, ірі симфониялық формаларға дейінгі түрлі жанрлардағы музыка орындалды. Бүгін олар Қазақстанның өнер қазынасының інжу-маржандары болып табылады. Филармонияның ұжымдары мен жеке орындаушыларының репертуарында дәстүрлі композиторлар – Біржан салдың, Жаяу Мұсаның, Дәулеткерейдің, Құрманғазының, Ықыластың, Мұхиттың, Балуан Шолақтың, Ақан Серінің, Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Сүгірдің, Абайдың, кәсіби музыканың өрелі тұлғалары – Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Қапан Мусин, Әбілахат Еспаев, Бақытжан Байқадамов, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Құддыс Қожамияров, Мәкәлім Қойшыбаев, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Анатолий Бычков, Георгий Гризбил, Кенжебек Күмісбеков, Бәкір Баяхунов, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, Мыңжасар Маңғытаев, Теміржан Базарбаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Тілес Қажығалиев, Жолан Дастенов, Алмас Серкебаев, Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов, Жоламан Тұрсынбаев, Балнұр Қыдырбек, Алмабек Мейірбеков, Бақтияр Аманжолов, Серік Еркімбеков, Бейбіт Дәлденбаев, Артық Тоқсанбаев, Қуат Шілдебаев, Ақтоты Райымқұлова, Әліби Мәмбетов, Серік және Әліби Әбдінұровтардың және Қазақстанның басқа да талантты композиторларының шығармалары бар.

            Отызыншы жылдардан бастап өркендеу жолында келе жатқан өнер ұясы құрамы симфониялық, үрмелі аспаптар, камералық, фольклорлы-этнографиялық оркестрлермен, көп дауысты хор капелласымен, шекті аспаптар квартетімен, ағаш үрмелі аспаптар квинтетімен, жеке орындаушылар ұжымымен толықтырылып тұрды. 2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен филармонияда елімізде алғаш рет классикалық гитаристтер квинтеті құрылып, 20 науызда «Бастау» атты тұсау кесер концерті өтті. Кезінде академик Ахмет Жұбанов бастап берген ұлағатты дәстүрді Нұрғиса Тілендиев, Төлепберген Әбдірашев, Юрий Клушкин, Айман Мұсақожаева, Гаухар Мырзабекова сынды үздік шеберлер, олар басқарған ұжымдардың талантты өнерпаздары жемісті жалғастырып келеді.

Мемлекеттің қамқорлығымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 6 желтоқсан 2023 жылы №1085 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен, Жамбыл  атындағы Қазақ мемлекеттік  филармониясы «Академиялық» мәртебесін алды.

Әлеуметтік желіде бөлісу