Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Қазақстанның ең үздік камералық ансамбльдерінің бірі концерт берді.
2024 жылы 29 қыркүйек күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Н.Тілендиев атындағы камералық залында Ғ. Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің жаңа концерттік маусымының ашылуы өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Кеш шымылдығы ұлы классик Л.Бетховеннің 14-ші Квартет туындысынан бастау алды. Квартеттің жоғары орындаушылық деңгейі, виртуоздық техникасы, стильді тылсым сезінуі және биік ансамбльдік мәдениеті тыңдарманды кеш соңына дейін бірқалыпта ұстап отырды.
Кеш барысында квартет тарихы туралы да сөз қозғалды. Ішекті аспаптар квартетінің алғашқы құрамы 1988 жылы Алматы қаласының Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде құрылған. Бүгінгі шығармашылық ұжымда орындаушылардың төртінші буыны қызмет етуде. Шекті квартеттің негізін салушы, ұжымның көркемдік жетекшісі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, шебер виолончелші — Ернар Мыңтаев.
Мемлекеттік квартет Қазақстанның ең үздік камералық ансамбльдерінің бірі болып саналады. Квартеттің репертуарында көптеген әлемдік классикалық музыкалармен қатар, Қазақстан композиторларының озық шығармалары да орын алған. Ұжым көптеген белді де беделді халықаралық байқаулар мен фестивальдардың лауреаты лауазымдарына ие болған. Бородин атындағы Мемлекеттік квартеттің жетекшісі, Ресейдің халық әртісі, профессор В.А.Берлинский квартеттің ұстазы болған уақытта ансамбльге зор шығармашылық күш-қуат берген. Дәл осы кезеңде музыканттар үлкен табыстарға жетіп, бүгінгі күнге дейін кемелдену биігінде қызмет етуде.
Кеш соңындағы жарқын сәттің бірі — ішекті кварттеттің репертуарындағы озық шығармасының бірі — «Дударай» (өңд. Ә.Әбдінұров) орындалған кез. Көпшілік шығарманы жақсы қабылдап, өнерпаздарымызды ыстық қошеметке бөледі. Тыңдармандар квартет концертінде музыкадан шынайы ләззат алып, жарқын және ұмытылмас сәттердің куәсі болғаны сөзсіз.
Тлеубек Аружан