Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында ҚР Мемлекеттік және қоғам қайраткері Жексембек Еркімбековтың 95 жылдығына арналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, пианист Серік Еркімбековтың «Отаным» атты авторлық кеші өтті.


Жексембек Еркімбеков — 1966-1976 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінде өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі болып қызмет етті. Ол басшылық еткен кездері Алматы қаласында 200-ге жуық мәдениет мекемелері мен ғимараттары бой көтеріп, қала мен еліміздің мәдениетінің дамуы жолында еселі еңбек етті.


Кеште филармония құрамындағы екі ірі ұжым, дирижер Қанат Омаровтың жетекшілігімен Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері Бейімбет Демеуовтің жетекшілігімен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы және де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Мейір Байнеш, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты – Асқар Мұқият, Париждегі халықаралық байқаудың лауреаты (Гран При) — Нұргүл Нүсіпжан, Халықаралық байқаудың лауреаттары Гүлнұр Саргисова, Ақынер Айлин өнер көрсетті. Концерттік бағдарламада композитор Серік Еркімбековтың оркестр мен хорға арналған үздік шығармалары «Шәкәрім» симфониясы, «Мәңгілік алау» балетінен пролог және тағы да басқа туындылары орындалды.


Кеште біздің құрметті тыңдармандармен қатар, Жексембек Еркімбековтың замандастары мен үзеңгілес қызметтестері, ұрпақтары да ортадан табылды. Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жолында сүбелі еңбек еткен ердің есімі 90 жылдық тарихы бар өнер орандасында тағы да жаңғырды. Филармония өнерпаздарының бүгінгі концерттік бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып, композитор шығармаларына жаңа дем берді.