Құрметті достар,
15-17 маусым аралығында Шымкент қаласында алғаш рет республикалық оркестрлер шеруі өтті. Айтулы шара Қала күні қарсаңында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, қаланың мәдени өміріндегі ең айтулы мерекелерінің бірі ретінде атап өтілді. Оркестрлер Шеруіне 90 жылдық тарихы бар өнер ордасы — Жамбыл атындағы филармония атынан ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі өнерсапарға барып қайтты.
Концерттік бағдарламада дирижер Қанат Ахметовтың жетекшілігімен Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі «Азия дауысы», «Бұлбұл», «Қазақ елі», «16 қыз» атты танымал шығармаларды Шымқала тұрғындары мен қонақтарына ұсынды. Кеште халықаралық байқаулардың лауреаты Береке Енкебаева да өнер көрсетті.
Музыкалық мереке аясында халық ұлттық, классикалық және түрлі жанрдағы туындыларды тыңдап, өнер мен руханияттың үндестігіне куә болды. Өнер мен ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі салтанат құрған кеш соңы өнер ұжымдарына шынайы алғыс пен тыңдарманның ыстық ықыластарымен аяқталды. Концерттік маусымның соңындағы есте қаларлық сапар үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, қала тұрғындарын Шымкент қаласының «Қала күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!