Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының 90 жылдығы аясында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Гүл Алматы. Flower city» фестивалінің-концерті өтті.
Филармонияда биыл дәстүрлі түрде төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған фестивальдің мақсаты — еліміздегі балалар хорын дамытып, жас таланттардың танылуына ықпал ету.
Фестивальде Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінің қыздар хоры арнайы қонақ болып, концертте өнер көрсетті. Фестивальге қатысушы «Қоӊырау» кіші хоры, «Көкек» балалар хоры, «Ақ тілек» ұлдар хоры және тағы да басқа балалар мен жасөспірімдердің орындаушылар тобы ірі ұжым Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласымен бір сахнада өнер көрсетті.
Концерт соңында фестивальге қатысушы барлық ұжымдарға ұйымдастырушылар атынан алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Қара шаңырақ қабырғасында әлі де жасөспірім таланттардың өнер жолына қолдау берер жоба жалғасын табатын болады.