Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының 90 жылдығы және Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойларына орай суретші студент жастардың өнерін насихаттау мақсатында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мектеп-интернат, колледжі және О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік — қолданбалы өнер колледждерінің бірлескен «Филармония жас суретшілер көзімен» атты пленэрдің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараның ашылу рәсімінде филармония директоры Ақан Абдуалиев қатысушы студенттерге плэнердің мақсатын айтып, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Жұмақын Қожақынұлы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мектеп-интернат, колледжінің директоры Нұрбақыт Боқыбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлов, суретші Тоққожа Қожағұлов, О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік — қолданбалы өнер колледжінің директоры Зура Жұмахметова пленэр қатысушыларына сәттілік тіледі.
Шараның ашылу салтанатында филармония әртістері ән-күйден шашу шашты. Пленэрге екі өнер колледжінен іріктеліп алынған 10 суретші филармония ғимаратымен толық танысып, қара шаңырақтағы атаулы мерейтой аясында тақырыптық композициялар ұсынатын болады. 5 күнге созылатын іс-шара 30 мамырда қорытындыланады. Жас суретшілердің салған шығармашылық туындылары филармония фойесіне қойылып, атаулы мерейтойлар тақырыбында көрме ұйымдастырылады. Елімізге танымал қылқалам шеберлері жас суретшілердің жұмысына пікір білдіріп, студенттер арасында тәжірибе алмасу жұмыстары ұйымдастырылады.
Пленэрдің негізгі мақсаты да — еліміздің жас суретшілерінің шығармашылығына қолдау көрсетіп, ұлттық өнеріміздің терең мәнін қазіргі жастар көзімен жаңаша көрсетуге мүмкіндік беру.