Бүгін еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында «Сазды аспаптармен, Дәстүрлі ән кеші» деген атаумен концерт өтті.
Кеш көркін «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі кіргізді. Ұжымның көркемдік жетекшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Тілегенов.
Аталмыш концертте еліміздегі дәстүрлі өнердің майталмандары өнер көрсетті.
Концерт барысында сахна төрінде Қазақстанның Халық әртістері Рамазан Стамғазы мен Айгүл Қосанова ән шырқады. Олармен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева, «Құрмет» орденінің кавалері Әділет Мұса, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бейбіт Мұсаев сынды тұлғалар дәстүрлі әннің құдіретін көрсетті. Сонымен қатар, концертке мәдениет саласының үздіктері және халықаралық байқаулардың лауреаттары Шолпан Даржан, Армат Исламғалиев, Саят Нұрғазин, Эльза Қарабалина, Аманкелді Күзеубай, Талғат Әбуғазы, Жеңіс Ержанов, Эльмира Қашқымбаева, Диас Мұратхан және Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының солистері Арафат Ысқақов пен Біржан Бәзілжан қатысты.
Бағдарламада тыңдарманның сүйікті шығармалары: Ыбырайдың «Боз жорғасы» мен «Гәккуі», «Жиырма жеті қыз» және «Ахау керім» халық әндері, Ә.Найманбаевтың «Інжу маржаны», «Шегенің термесі» («Қыз Жібек» операсынан), Н.Тілендиевтің «Алатауы», Ақан серінің «Балқадишасы» және С.Нұржановтың «Қыз дәурен-Ән дәурен» ән монологы сияқты бірегей туындылар орындалды.
Кештің басты ерекшелігі дәстүрлі әншілер әндерін жеке домбыраның емес, этнографиялық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындады.
Кеш дәстүрлі қазақ музыкасының бай мұрасын тағы бір мәрте паш етті.