Ардақты ағайын,
бүгін, 17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.
Наурыз мейрамында халқымыздың басты құндылықтарының бірі – ұлттық салт-дәстүрі. Бұл күндері ел жадында сақталған «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Беташар» сынды ғұрыптар насихатталады. Қазақ дәстүрінде тәрбиелік мәні жоғары жоралғының бірі – баланың тұсауын кесу. Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін тез әрі жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр.
Осы мақсатта бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының шаңырағында «Тұсаукесер» рәсімі өтті.
Филармония директоры Ақан Абдуалиев көпшілікті келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, «Филармония ұжымында көпшілігі – жастар, олардың балалары біздің немерелеріміз бар. Бүгін сол кішкентайлардың тұсауын кесуге ниеттіміз» -деп, іс-шараны ашып берді. Салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында кішкентай бүлдіршіндерге осы кісілердің жолын берсін деген ниетте тұсауын қоғам қайраткері, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Нағашыбек Қапалбекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есқайыр Абаханов, Жамбыл атындағы филармония директоры Ақан Абдуалиев кесіп, қаз-қаз басқан балаларға өздерінің ақ тілегі мен баталарын берді.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан игі дәстүріміз жалғасын тауып, өмірге жаңадан қадам басқан бүлдіршіндеріміз, текті еліміздің тұғыры биік азаматтары болсын.