Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Н.Тілендиев атындағы камералық залында «Мен сені сүйем, Өмір!» атты зағип және нашар көретін жандар арасында қалалық ән байқауы өтті. Бұл өнер додасы ғаламға жүрек нұрымен қарайтын өнерпаздардың талап-талантын айшықтап, көрерменге шынайы эмоция мен жылылық сыйлады.
Шараны Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырып, Алматы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұжымы қолдау көрсетті. Мүмкіндіктерінің шектеулі болғанына қарамастан, бойларына ерекше дарын мен өнерге деген іңкәрлікті сыйдырған өнерпаздар залды ерекше толқытып, көрермендерді толқытты.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне бірқатар серіктестер мен демеушілер де үлес қосты. Соның ішінде “Идаль-Строй” ЖШС басшылығы байқаудың марапаттау рәсіміне қолдау білдіріп, қатысушыларға ерекше ықылас көрсетті.
Байқаудың марапаттау рәсімінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Абдуалиев сахнаға шығып, барлық жеңімпазды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ол өз сөзінде бұл байқаудың әлеуметтік және рухани маңызын атап өтіп, алдағы уақытта аталған шараны дәл осы филармония ғимаратында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуге дайын екендігін жеткізді. Сонымен бірге талантты қатысушыларға филармония концерттеріне қатысуға мүмкіндік берілетінін айтып, олардың шығармашылық дамуына жаңа жол ашылатынын атап өтті.
Кеш соңында жеңімпаздарды қолдаушылар байқаудан ерекше шабыт пен айрықша қуат алып, қатысушылардың өнері жүректерде жылы із қалдырды. Бұл шара өнердің шекарасыз екенін дәлелдеген, мейірім мен үмітке толы нағыз рухани мереке болды.