Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі
администратор
Оркестрдің дирижерлары: Динара Тлендиева (көркемдік жетекшісі және бас дирижеры), Жалғасбек Әмірханұлы Бегендік (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі), Әбілқайырхан Бейсеков (халықаралық және республикалық байқауларының лауреаты)
1982 жылғы 2 қазанда дүниеге келген Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы – этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық музыка аспаптарының –қазіргі заманғы және байырғы аспаптардың аса бай жинағымен танысу мүмкіндігін береді. Баға жетпес мәдени мұра болып есептелінетін қазақтың музыкалық аспаптары бізге ғасырлар қойнауынан жетіп отыр. Белгілі музыкатанушы, өнер ғылымының докторы, профессор Болат Сарыбаевтың ғажайып зерттеулерінде қазақ халқының музыкалық мәдениеті тарихының жанды беттері жатыр. Домбыра мен қобыздан басқа «Отырар сазы оркестрінде» байырғы қазақ аспаптары – жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай мен сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ ұрмалы аспаптар – асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ үн қатады. Осындай дыбыстардың алуан түрлілігі оркестрге ұлттық фольклордың бай төлтума үлгілерін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді. Оркестрдің алғашқы бас дирижеры , КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты , Халық Қаһарманы, белгілі қоғам қайраткері, композитор Нұрғиса Тілендиев ұжым алдына осындай биік мақсат қойып», ол басқарған оркестр миниатюралар мен әндерді ғана емес, ірі драмалық ойларды да жеткізе алатын мүмкіндігі кең ұжым қатарына көтерді. Бүгінде ұрпақтар сабақтастығын паш етіп оркестрге Н.Тілендиевтің қызы – Динара Тілендиева жетекшілік етеді. Оркестр Қазақстанның қалаларында ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шет елдерде – Иракта, Мароккода, Вьетнамда, Солтүстік Кореяда, Германияда, Испанияда, Түркияда, Сауд Арабиясында, Иорданияда және басқа да көптеген елдерде концерттер берді. 1996 жылы «Отырар сазы» оркестрі Жамбыл атындағы халықаралық қор сыйлығының лауреаты болды. Ұжым қазақтың музыкалық фольклорының үздік үлгілерін сақтап қана қоймай, оларды қазіргі заманғы дыбыс үйлесіміндегі үнмен және оркестрдің бай тембрлік – бояулық мүмкіндіктерімен орындалған жаңа өңдеулермен жетілдіріп отырады.