ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Soul fusion » атты концерт өтті

Жан тербетер әсем классика қалықтаған бұл кеште, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Аида Аюпова, халықаралық байқаулардың лауреаттары: Ермек Құрманаев , Александра Наумова скрипка, виолончель, фортепиано аспаптарында өнер көрсетті. Жүректің терең түкпіріне бойлайтын жанды әуенді балет солисті Гүлнәр Қамалова бимен көркемдеп, залда отырған әр көрерменге эстетикалық ләззат сыйлай алды. Филармония сахнасында ерекше өнер көрсеткен балет артисінен қандай әсер алғанын сұрап алуды жөн көрдік.

Гүлнәр Камалова — Болат Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театрының солисті:

— Мен өте жақсы тәжірибе алдым! Оңай емес! Жаңа нәрсеге бой үйрету өте қызық болды. Импровизация жасау да оңай емес екен! Материал өте әдемі! Көп қырлы және мінезге бай, көптеген нюанстар бар! Әрине, музыканттардың орындауы тамаша!

Аида Аюпова — Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

— Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» шығармасын орындау барысында ерекше әсер алдым. Осы концертте алғаш рет музыканттарға балерина қосылды, ол өзінің грациясымен және қозғалыстарымен Пьяццолланың музыкасына құмарлық пен көрнекілік қосты. Музыка мен бидің бұл үйлесімі көрермендерге ерекше әсер қалдырды, олар тыныстарын ішіне алып, Людвиг ван Бетховеннің, Сергей Рахманиновтың нжәне Пьяццолланың мелодияларына терең бойлады. Осы кеште көрермендер музыкамен толық бірлік сезінді, және дәл осы концертін «Soul Fusion» шын мәнінде ерекше етті.

Ұлы композиторлар қағаз бетіне түсірген сонаталар да бұл кеште қалыс қалған жоқ. Классиканың шыңында тұрған, скрипка және фортепианоға арналған соль мажор сонатасы,оp.30., С.Рахманинов — «Виолончель және фортепианоға арналған соль минор сонатасы, op.19.», А.Пьяццолла — «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» әуені филармонияның үлкен залында қалықтап, көрерменнің ыстық ықыласына кенелді.

Аида Аюпова — Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

— «Soul Fusion» яғни «Жандардың үйлесім табуы» деп аударылатын концерт, тек музыкалық туындыларды ғана емес, барлық қатысушылардың жүрегін біріктірген нағыз маңызды оқиғаға айналды. «Үйлесім табу» сахнадағы музыканттардың гармониялық бірлігінен бөлек музыка мен бидің нәзік үндесуі ретінде көрініс тапты. Бұл өз кезегінде көрермендер үшін ерекше бәрін ұмытып тек сахнадағы әуен мен биге елту әсерін берді. Сол кеште залда отырған әрбір адам бір таңғажайып сәттің куәсі болды, ол орындаушы мен көрерменнің бірдей тыныс алып тұрғанындай әсері еді.

Жанды дауыстағы әсем саз кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны анық. Бұл кешке жиналған қалың көпшіліктің қошеметі соның бір дәлелі болса керек. Музыкалық талғамыңызды қалыптастырып, бәлки одан әрі жақсартқыңыз келсе, филармонияның есіктері барша тыңдарман қауым үшін айқара ашық.

Әлеуметтік желіде бөлісу