ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ

Материалдар

2023 жылғы наурыз айының 17 жұлдызында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Н.Тілендиев атындағы камералық залында «Сыбайлас жемқорлық – бұл қоғам мен мемлекеттің дамуына қарсы қылмыс» атты кеңес өтті. Аталған іс – шараға филармония директоры Ақан Жылқышыбайұлы мен оның орынбасары Есқайыр Жәрдемұлы, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша өкілі Супугалиев Рашид Булатұлы қатысты.
Филармония ұжымымен кездесу барысында Рашид Булатұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарымен таныстырып, сыбайлас жемқорлық туралы істердің алдын алу және тергеу шаралары туралы хабардар етті. Сонымен қатар кеңеске қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үрдістерді атап өтіп, шешімін талап ететін проблемаларға тоқталып, жағдайға ықпал ететін негізгі факторларды және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясын түсіндірді.
Іс-шараға қатысушыларға алдын алу шараларына байланысты жаднамалар таратылып, бейнероликтер көрсетілді. Кеңес барысында филармония қызметкерлері көкейіндегі көкейтесті сұрақтарын қоя отырып, толыққанды жауап алды.