ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ

ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ Назар аударыңыз! Құрметті тыңдарман, қонақтарға кедергі келтірмес үшін, филармония есіктері концерт басталғаннан соң, 25 минуттан кейін жабылады. Жас шектеуі: 6+ (өздеріңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі сұралады)

Жамбыл атындағы филармонияда тарихи кеш өтті

xIMG_1485

Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығымен бірлесіп, Қытайдың ұлы композиторы Сянь Синхайдың туғанына 120 жыл толуына арналған концерт ұйымдастырылды.

Мерейтойлық шара – тек мәдени оқиға ғана емес, қазақ пен қытай халықтарының ғасырлық достығын паш еткен сындарлы сәт болды. Кеш Сянь Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов арасындағы тарихи достықтан туған музыкалық шығармалармен даралана түсті. Қытай композиторы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматыға табан тіреп, Бақытжан Байқадамовпен етене араласады. Сол достықтың символына баланған туындылар бүгінгі кеште жаңғырды.

Концерт ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласы өкілдігінің басшысы Әбдрашов Жәнібек Жарасқан-ұлы, Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй мен филармония директоры Ақан Абдуалиевтің құттықтау сөзімен басталды. Кеште Төлепберген Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуінде Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы және жеке орындаушылар өнер көрсетті.
Бағдарламада Сянь Синхайдың «Амангелді» симфониялық поэмасы мен әйгілі «Сары өзен» кантатасы ерекше орын алды. Айбынды үн, қуатты рух әр жүректі тербетіп, тыңдаушыларды терең толғандырды. Сондай-ақ «Қазақ билері», «Тайханшань тауында» секілді туындылар да қос халықтың мәдени мұрасын айқындай отырып, көрермен ықыласына бөленді.

Концерт соңында Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы атынан ықылас гүлі және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан гүл шоқтары табыс етілді. Ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасында алдағы уақытта да халықаралық өнер мен мәдениетті насихаттайтын жарқын жобалар жалғасын табады.

Әлеуметтік желіде бөлісу