Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның Үлкен залында Республика күніне орай «Елім менің» атты концерт өтті. Салтанатты шара көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ұлттық және классикалық өнердің биік үлгісін паш етті.
Мерекелік шара бірқатар марапаттарды табыстау рәсімімен басталды. Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Марат Тоқашбаев көкрмен қауымды мерекемен құттықтап, өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетті. Кеңес ұйғарымымен, еліміздің мәдениет саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін филармония қызметкері Гүлмира Нурденова «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағы иеленді.
Сонымен қатар, елдің экономикалық дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Ербол Искаков, Нұрбек Тұрлыбаев және Қанат Досымов «Еңбек үздігі» атанды. Мұнымен қоса, ұлт өнерін өркендету жолындағы ерен еңбегі ескеріліп, филармония солисті Біржан Бәзілжанов «Қазақ өнерінің қайраткері» құрметті атағының иегері атанды.
Марапаттау рәсімінің заңды жалғасы ретінде Қоғамдық атақтар жөніндегі Республикалық кеңес пен «Уақыт таңдауы» агенттігінің бірлескен жобасы аясында «Жылдың үздік филармониясы» деп танылып, марапат филармония директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиевке салтанатты түрде табысталды. Бұдан бөлек, Ақан Жылқышыбайұлы аталған кеңестің шешімімен «Ұлт қайраткері» құрметті атағын иеленді.
Концертте қазақ музыкасының қос іргелі ұжымы — Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы мен Қазақстан Республикасының үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Музыка мен орындаушылық мәдениеттің үйлесімін танытқан шығармалар тыңдарман жүрегіне терең әсер қалдырды.
Мемлекеттік хор капелласына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, көркемдік жетекші әрі бас дирижер Бейімбет Демеуов жетекшілік етті. Үрмелі аспаптар оркестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметов пен Қазақстанның халық әртісі Александр Беляков дирижерлық етті.
Кеш бағдарламасы қазақ музыкасының алтын қорынан алынған таңдаулы туындыларға толы болды. Көрермендер М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан «Мереке биін», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін, сондай-ақ Ж.Мұсаның «Ақ сиса», Сегіз серінің «Гауһар тас», Л.Хамидидің «Бұлбұл» шығармаларын ықыласпен қабылдады.
Сонымен қатар, Құрманғазының «Балбырауын» күйі, Ө.Байділдаевтың «Туған ел», Ә.Боранбаевтың «Батыр Бауыржан», С.Байтерековтың «Әлия» және Н.Тілендиевтің «Куә бол» туындылары орындалды. Концерт соңында С.Байтерековтың «Ақ тілек», Ш.Қалдаяқовтың «Әнім сен едің», Ж.Тұяқбаевтың «Атамекен» және Е.Ынтықбаевтың «Қазақ елі» әндері шырқалып, көрермендерді жігерлендіріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.