ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ

ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ Назар аударыңыз! Құрметті тыңдарман, қонақтарға кедергі келтірмес үшін, филармония есіктері концерт басталғаннан соң, 25 минуттан кейін жабылады. Жас шектеуі: 6+ (өздеріңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі сұралады)

Филармония сахнасында қазақ–жапон музыкасы қатар тоғысты

WhatsApp Image 2025-12-26 at 15.43.26

 

Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында Қазақстан мен Жапонияның мәдени байланысын тереңдете түскен айрықша кеш өтті.

Концерт басталмас бұрын Жапонияның Халықаралық мәдени алмасу комитетінің өкілдері филармония фойесінде өздерінің ұлттық мәдениетіне сай көпшілікке шай салтанатын паш етті. Және де ұлттық ойындары «сёги» яғни жапон шахматынан шеберлік сыныбын өткізді. Мұнымен қоса фойеде жапондардың үш ішекті «сямисен» аспабында өнер көрсеткен ансамбль көпшіліктің қошеметіне бөленді. Осылайша көрермен жапон мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстандағы Жапония елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл концертте Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетті. Оркестрге Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты – Қуаныш Исмаилов дирижерлық етті.

Кеште Жапониядан келген Кодай Минода (сямисэн), Маюко Кацумур (скрипка), Кадзухиро Миямура (гобой), Мицукуни Цудзимото (труба) және Тасаитира Мотидзуки (цудзуми) сынды өнерпаздар филармония сахнасында өнер көрсетіп, жапондық музыканың ерекшелігін паш етті.

Концерт барысында тыңдармандар Ғ.Жұбанованың Скрипка мен оркестрге арналған концертінің І бөлімі, С.Юдаковтың «Поэмасы», Wada-ның «Fusuikyo» туындысы, А.Арутюнянның Труба мен оркестрге арналған концерті сияқты белгілі шығармалармен сусындады.

Сонымен қатар, Х.Огуридің Гобой мен оркестрге арналған «Балладасы» және Х.Хошинаның гобой, цудзуми және оркестрге арналған «Жарық сәуле астындағы дұға мен ойындар» шығармасы ерекше ықыласқа бөленді. Бұл мәдени іс-шара музыка тілі арқылы екі елдің рухани жақындығын паш етіп, достықтың мызғымас көпірін нығайта түсті. Алдағы уақытта қос ел арасындағы мәдени және рухани байланыс жалғасын табады деп сенеміз.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу