ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ

ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ Назар аударыңыз! Құрметті тыңдарман, қонақтарға кедергі келтірмес үшін, филармония есіктері концерт басталғаннан соң, 25 минуттан кейін жабылады. Жас шектеуі: 6+ (өздеріңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі сұралады)

«Отырар сазы» оркестрі Ұлытауда өнер көрсетті

xИзображение WhatsApp 2025-10-29 в 16.57.08_a153ca08

Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі Қазақстанның ұлттық мерекесі – Республика күнінде, Ұлытауға гастрольдік сапармен барып, ұлытау жұртшылығына арнап ерекше концерттік бағдарлама ұсынды.

Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында өткен концертте оркестрге ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Жалғасбек Бегендиков пен Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсеков дирижерлық етті.

Кеште Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Көш-керуен», «Сарыжайлау», «Аққу», «Махамбет», «Өз елім» сияқты өшпес туындыларымен қатар, халық әндері мен күйлері, Сүгірдің «Бозінгені», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Кенжебек Күмісбековтің «Биші қайыңы», Дариға Тілендікелінінің «Мәңгілік елім» әндері көрерменге ерекше әсер етті.

Бағдарлама соңында Мәдениет саласының үздігі Абай Қойшыбаев, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаттары Дастан Казкенов және Нұрғали Әшімхан қатысқан Күй тартыс көпшіліктің рухын оятып, ерекше әсерге бөледі.

Концерт соңында ұлттық рухтың гимніне айналған Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған, Ескендір Хасанғалиевтің әні «Атамекен» шырқалды. Халықтың өнер ұжымына деген ықыласы ерекше болып, сұраныс бойынша «Отырар сазы» оркестрі екі мәрте концерт қойды. Бұл ұлытаулық көрермендердің ұлттық өнерге деген құрметінің жоғары екенін айқындай түсті.

Өнер ұжымы гастрольдік сапардың екінші күнінде бабаларға тағзым етіп, Алтын Орданың негізін салушы Жошы ханның кесенесіне барып, зиярат етті. Осылайша оркестрдің ұлттық өнер арқылы тарих пен мәдениетті қатар ұлықтап, ұлттық мерекеде жезқазғандық жұртшылықтың мерейін тасытып қайтты.

Әлеуметтік желіде бөлісу