Бүгін — 1935 жылы 14 қаңтарда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен қара шаңырақ — Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылған күні. 1938 жылы филармонияға жыр алыбы Жамбылдың есімі берілді. 2023 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен Академиялық мәртебе берілді. Биыл елімізде ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шет елдерге шығармашылық биік өресімен таныс болған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясына 90 жыл.
Филармония көрнекті музыкатанушы, композитор, дирижер, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Ахмет Жұбановтың бастамасымен ашылды. Әр жылдарда филармонияда Е.Брусиловский, М.Қойшыбаев, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Амангелдиев, М.Бестібаев, Т.Ибраев, А.Дауытбаев, Т.Әлпиев, М.Өтеуов, басқа да мәдениет саласының ірі өкілдері басшылық етті.
Алғаш филармония қабырғасында ұлттық өнеріміздің тарихында есімдері алтын әріппен жазылған аңыз тұлғалар Дина Нұрпейісова, Әміре Қашаубаев, Қали Жантілеуов, Мүсілім және Рашид Абдуллиндер, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова және биыл 95 жылдығы тойланған Бибігүл Төлегенова, тағы басқа өнер қайраткерлері қызмет атқарды. Ұлылардың ізін жалғаған Нұрғали Нүсіпжанұлы бастаған солистеріміздің де қатары аз емес.
Биік өнерімен ұзақ жылдар ел сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатқан өнер ұжымдары Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы мен Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті, Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті мен қатар елімізбен шет мемлекеттерге танымал солистер бар.
Филармония ұжымдары мен солистердің репертуарында қазіргі таңда классикалық қазақ және шетелдік композиторларының 20 000-нан аса шығармалары 90 жыл бойы үздіксіз орындалып келеді. Шығармашылық ұжымның әлі де елге берері көп.
Халқымыздың ұлттық өнері мен әлемдік классика музыкасын шынайы бағалап, өнерпаздарымызға қошеметпен, ыстық ықыластарын білдіретін талғамы биік көрермендерге алғыс айтамыз. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ мәдениетінің кемел көрінісі болған қара шаңырақтың мерейтойы баршамызға ортақ. Қасиетті өнердің қара шаңырағының 90 жылдығы баршамызға құтты болсын.