Құрметті оқырмандар,
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы баршаңызды бүгінгі 6 шілде — Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтайды.
2018 жылы Ел Президентінің бастамасымен бекітілген бұл мереке — дәстүр мен өнерге деген үлкен құрметтің көрінісі. Қасиетті қара домбыра – халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың айнасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күнімен құттықтау жазбасында «Өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше… Өйткені, ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі» деп ерекше атап өтті.
Жыл бойына қазақ өнерінің бай-інжу маржандарын насихаттап келе жатқан өнер ордасының да басты мақсаты — төл өнерімізді ұрпақ санасына сіңіріп, құндылығын ұғындыру. Домбыра әр шаңырақ төрінен орын алып, ұлттың үні — домбырамен бірге әрдайым жаңғыра берсін!