Даңқты композитор, күйші, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған Республикалық дирижерлер конкурсы өз мәресіне жетті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен екі күндік өнер бәсекесінің қорытындысы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында өткен Гала-концертте жарияланды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 үміткер бақ сынаған байқаудың шешуші кезеңі тартысты өтті.
Конкурстың ең басты жүлдесі Нұрғали Әшімханға бұйырып, ол І орын иегері атанды. Жеңімпазға 1 000 000 теңге сертификат пен дипломды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов салтанатты түрде табыстады. ІІ орын тұғырынан Әли Сапарбек көрініп, 600 000 теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. Ал ІІІ орын Қабыл Арнат, Ғабитов Дәулет және Рақышев Абай сынды жас таланттарға бұйырып, олар 400 000 теңгенің сертификатын иеленді. Сондай-ақ, Аршат Шәріп, Дәуренбек Сүйіндік үздік өнерлері үшін арнайы дипломдармен және 200 000 теңге сертификаттармен марапатталды. Астаналық Дина Ардақ «Н. Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» номинациясын жеңіп алды.
Конкурс барысында ерекше оқиға орын алған болатын. Жоғары бағаға ие болған кәсіби дирижерлар Мәди Өмірзақов пен Қуаныш Исмаилов ізгілік танытып, іні-қарындастарына жол берген еді. Бұл қадамы үшін оларға Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының Симфониялық және Қазақ оркестрлерімен бірлесіп жеке концерт өткізуге арнайы жолдама ұсынылды.
Конкурсқа арнайы келген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов жеңімпаздарды құттықтап, ұлы композитордың мерейтойына арналған бұл тарихи конкурстың жас дирижерлерге жол ашқанын атап өтті. Айта кетерлігі, конкурсқа қатысқан барлық үміткерлерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хаты табысталды.
Гала-концертте жеңімпаздар мен лауреаттар өз өнерлерін көрсетіп, жеңімпаз Нұрғали Әшімхан Н.Тілендиевтің «Алтын дән» шығармасына дирижерлық етті. Кеш соңында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйіне дирижерлық етіп, финалда «Құстар әнін» бүкіл зал бірге шырқады. Сондай-ақ, өнерпаздарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы ықылас гүлі табысталды.