Ермек Құрманаев Қазақстанның Бірінші Президенті қорының лауреаты. 2022 жылы Ермек Құрманаев өнер саласындағы UMAI тұңғыш ұлттық сыйлығының лауреаты атанды. Ресейдің халық әртісі, профессор Н. Шаховскаяның сыныбында шеберлігін шыңдады. Оның халықаралық байқаулардағы жетістіктері: Австрия, 1996 ж., Халықаралық виолончельшілер байқауы – I жүлде, Польша, 1997 ж., К.Вилькамирский атындағы халықаралық байқау – II жүлде; Молдова, 1998 ж., Халықаралық жас орындаушы-аспапшылардың байқауы – III жүлде; Астана, 1999 ж., «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалі – I жүлде; Ресей, 2002 ж., Танеев атындағы бірінші Халықаралық камералық ансамбльдердің байқауы – III жүлде; Франция, 2005 ж., «Кичомпре» Халықаралық ішекті аспапшылар байқауы – II жүлде. Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен бірге жеке концерттер, филармониялық трио құрамында камералық музыканы орындайды, сондай-ақ пианист А. Тілеубергеновпен дуэтте болып, 2009 жылы Ресейдің Магнитогорск қаласында өткен Т.Гайдамович атындағы Халықаралық камералық ансамбль орындаушылары байқауында I жүлдені жеңіп алды.
Е. Құрманаев С. Прокофьевтің симфония-концертін, Ғ. Жұбанованың, Р.Шуманның, Д. Шостаковичтің виолончель мен оркестрге арналған концерттерін, П. Чайковскийдің «Pezzo Capriccioso» шығармасын тұңғыш рет Қазақстанда орындады. Музыкант «Ф. Шопеннің 200 жылдығына» арналған концерттер циклы шеңберінде тұңғыш рет Ф. Шопеннің виолончельге арналған сонатасын орындады. Тума талант, хас шебер, терең музыкант Е.Құрманаев Қазақстанның орындаушылық өнерін шет елдерде лайықты танытуда.