Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында классикалық өнер мерекесіне айналған «Үлкен симфониялық кеш» өтті. Музыкалық кештің шырайын Франциядан арнайы шақырылған дирижер Кристоф Мангу келтірді.
Кеш Тілес Қажығалиевтің «Степная легенда» балетінен алынған сюитамен ашылды.
Концертте Қазақстанның халық әртісі, әлемдік сахнада танылған әйгілі пианист Жания Әубәкірованың өнер көрсетуі аталмыш кештің әрін кіргізді . Оның орындауындағы Эдвард Григтің ля минордағы әйгілі концерті көрермендерді ерекше толғанысқа бөледі.
Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің нәзік үйлесімі мен залдың акустикасы шығарманың табиғи сұлулығын толық ашып берді.
Бағдарламаның тағы бір биік шыңы – Камиль Сен-Санстың №3 симфониясы, «Орган симфониясы». Бұл туындының айбынды үні мен драматургиялық қуатын жеткізіп, орган партиясын орындаған Ирина Гавриленко теңдессіз шеберлік көрсетті.
Симфониялық кеш тыңдарманға терең әсер қалдырып, классикалық музыканың құдіретін сезіндірді.