Баспасөз конференциясы «Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығы аясында атқарылған және жоспардағы іс-шаралар | ХХ25 фестивалі» тақырыбында өтті.
Баспасөз мәжілісінде филармония директоры Ақан Абдуалиев пен Т.Әбдірашев атындағы ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Омаров тақырып аясында сөз сөйледі.
«90 жылдық мерейтой — кез келген мәдениет ошағының арғы-бергі тарихындағы ауыз толтырып айтатындай уақыт. Ғасырға жуық тарихы бар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы ұлттық музыка мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қазақ өнерінің алтын қазығы іспетті. Мерейтойдың аясында өтетін концерттер, әртүрлі іс-шаралар қаланың мәдени өміріндегі тың жаңалық болады деп үміттенеміз» – деп, филармонияның мерейтой аясында жылдық жоспардағы атқарылып жатқан іс-шаралар жайында филармония директоры Ақан Абдуалиев мәлімдеді:
• Жыл басынан бері филармония балалар үйінде, қарттар орталығы мен ерекше балаларға арналған басқа да мекемелерде қайырымдылық мақсатындағы концерттерін өткізді;
• Ұрпақ сабақтастығы жобасының аясында қаңтар айынан бері қаладағы музыкалық оқу орындарының оқушыларымен бірлесіп концерт және де
Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері мен О. Таңсықбаев атындағы сәндік және қолданбалы өнер колледжінің студенттері қатысқан «Филармония – жас суретшілердің көзімен» деп аталатын пленэр өтті.
• Мамыр айында Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының ұйымдастыруымен «Гүл Алматы. Flower city» атты фестиваль-концерті ұйымдастырылды.
• Биыл Жеңістің 80 жылдығына арналған ұжымдардың концерттері өткізілді. Атап айтсақ, ақпан айында Мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинтетінің «Соғыс жылдарындағы танымал әндер», мамыр айында Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының «Жеңіс күні», Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің «Ұлы той» концерті, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің «Поклонимся великим тем годам» атты концерттері өткізілді.
• Маусым айында Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі филармонияда екінші рет өткізіліп отырған «ХХ-25» атты фестиваль-концерттерін өткізуді жоспарлап отырмыз.