1935 жылғы 14 қаңтарда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен негізі қаланған филармония 1938 жылы жыр алыбы Жамбылдың есімін иеленіп, ал 2023 жылы академиялық мәртебеге қол жеткізіп, шығармашылық дамудың жаңа белесіне көтерілді.
Филармонияның ашылу тарихы көрнекті музыкатанушы, композитор, дирижер, Қазақ КСР-нің халық әртісі, академик Ахмет Жұбановтың есімімен тығыз байланысты. Әр жылдары ұжымға Е.Брусиловский, М.Қойшыбаев, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Амангелдиев, М.Бестібаев, Т.Ибраев, А.Дауытбаев, Т.Әлпиев, М.Өтеуов сынды мәдениетіміздің ірі тұлғалары басшылық етіп, филармонияның шығармашылық бағытын айқындады.
Бұл сахнада ұлттық өнер тарихына есімдері алтын әріппен жазылған Дина Нұрпейісова, Әміре Қашаубаев, Қали Жантілеуов, Мүсілім мен Рашид Абдуллиндер, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова секілді аңыздар өнер көрсетті.
Бүгінде Т.Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті, Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті және өзге де танымал орындаушылар филармония абыройын асқақтатып, ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де қазақ өнерінің биік деңгейін паш етіп жүр.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы алдағы уақытта да ұлттық өнердің шамшырағы болып, рухани кеңістігімізді асқақ әуенмен байыта бермек.