Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қоғам қайраткері, журналист Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің және қабылданған заңдардың орындалу барысын қадағалау мақсатында өңірлерге жасаған сапары аясында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясына арнайы келді.
Одан кейін ғимаратты, атап айтқанда концерттер өтетін үлкен залды және Нұрғиса Тілендиев атындағы Камералық залға арнайы кірді. Нұртөре Байтелесұлы кездесу барысында филармония құрамындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі ұжымымен, көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиевамен, дирижер Жалғасбек Бегіндіковпен сұхбаттасты. Халық қалаулысы филармония әкімшілігіндегі қызметкерлермен жүздесіп, бірқатар мәселелерге құлақ түрді.
Филармония директоры Нұрғиса Дәуешов өз кезегінде халық қалаулысына филармонияның «ұлттық» статусқа ие болу мәселесі бірінші кезекте тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі таңда ғимараттың капиталды жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін, әртістерге мемлекеттік атақтар берілу жайын, өнер ұжымдарының костюмдерін жаңарту сынды түйіткілдердің күрмеулі болып отырғанын баяндады.
Бұл ретте Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп аталған мәселелерді толықтай қаперге алатынын, комитет мүшелерімен талқыға салып, реттеуге күш салатынын жеткізді.
