Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі
администратор
Оркестрдің дирижерлары: Көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері Дінзухра Тілендиева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері Жалғасбек Бегендіков, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсеков.
Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі – қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық халық аспаптары оркестрі.
Алғашында «Отырар сазы» ұжымы ансамбль ретінде Болат Сарыбаевтың жетекшілігімен құрылды. 1982 жылы ұжымға әйгілі дирижер Нұрғиса Тілендиев келіп, ансамбльді оркестр санатына көтерді. Кейін 1999 жылы оркестрге Нұрғиса Тілендиевтің аты берілді.
Музыкатанушы, профессор Болат Сарыбаевтың ғылыми ізденістері баға жетпес маңызға ие. «Отырар сазы» оркестрінде домбыра мен қобыздан басқа жетіген, шертер, шаң-қобыз, мес-қобыз, сырнай мен сазсырнай, сыбызғы сияқты көне аспаптар, сондай-ақ асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ сияқты ұрмалы аспаптар бар.
Аспаптардың мұндай алуандығы оркестрге ұлттық фольклордың ең бай төл үлгілерін тыңдаушыға кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы, көрнекті қоғам қайраткері, композитор Нұрғиса Тілендиевтің оркестр алдына қойған мақсаты да осында.
Бүгінде ұрпақтар сабақтастығын паш еткен оркестрге Н.Тілендиевтің қызы – Дінзухра Тілендиева жетекшілік етеді. Оркестр Қазақстанның қалаларында, жақын және алыс шет елдерде – Италия, Франция, Вьетнам, Солтүстік Корея, Германия, Испания, Түркия, Сауд Арабиясы, Иордания және басқа да көптеген елдерде белсенді түрде концерт берді. 1996 жылы «Отырар сазы» оркестрі Жамбыл атындағы халықаралық қор сыйлығының лауреаты атанды. Ұжым қазақ музыкалық фольклорының үздік үлгілерін сақтап қана қоймай, оркестрдің заманауи экспрессивтік құралдары мен тембрлік мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңашаланған өңдеулермен үнемі жетілдіріп отырады.