Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында классикалық музыканың көркем өрнегін паш еткен «Брамс/Бетховен» атты әсерлі симфониялық концерт өтті.
Концертте Т.Абдрашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетті. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қанат Омаров.
Скрипка партиясын «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Динара Базарбаева-Сахаман жоғары шеберлікпен орындап, И. Брамстың ре мажордағы әйгілі скрипка концертіне терең эмоциялық тыныс берді.
Кештің ерекше сәттерінің бірі — Болгариядан арнайы келген қонақ-дирижер Диан Чобановтың оркестрмен бірге жұмыс істеп, тыңдарманға жоғары деңгейдегі өнер тарту етуі болды. Оның жетекшілігіндегі Л. ван Бетховеннің №7 симфониясы көрермендерге ерекше толқыныс сыйлады.
Кеш классикалық музыка сүйер қауымды ұмытылмас күйге бөлеп, оркестрдің кәсіби әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті.