Қалалық Мәслихаттың VIII шақырылымының депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Елена Тё ай сайынғы халықпен кездесу кестесі аясында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымымен жүздесті. Кездесу барысында филармония қызметкерлерімен тек мәдениет саласы ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары үшін аса маңызды шаһардың инфрақұрылымы, жастарды баспанамен қамту және өзге де әлеуметтік мәселелер жан-жақты талқыланды.
Қызметкерлер қаланың көлік қатынасын жақсарту, қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын арттыру және жол-көше желілерін жөндеуге қатысты сауалдарды көтерді. Сонымен қатар, кездесуде жас отбасыларға арналған баспана бағдарламаларының қолжетімділігі, мектепке дейінгі мекемелер мен оқушыларға арналған үйірмелердегі орын тапшылығы жөнінде өтініштер айтылды. Депутат Елена Тё көтерілген мәселелердің барлығын бірінші кезектегі міндеттер деп танып, оларды шешу үшін қалалық мәслихаттың тиісті комиссияларымен және қалалық басқармалармен бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді. Халық қалаулысы барлық ұсыныстар мен өтініштерді жеке бақылауына алатынын және оң шешім қабылдауға қолдау көрсететінін атап өтті.