ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ

ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ Назар аударыңыз! Құрметті тыңдарман, қонақтарға кедергі келтірмес үшін, филармония есіктері концерт басталғаннан соң, 25 минуттан кейін жабылады. Жас шектеуі: 6+ (өздеріңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі сұралады)

ҰЛТ РУХЫН ТЕРБЕГЕН НҰРҒИСА ӘУЕНДЕРІ

WhatsApp Image 2025-09-12 at 17.22.56

Бүгін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Атамекен» концерт залында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің Халық қаhарманы, Қазақстанның халық әртісі, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Өз елім» мерейтойлық концерті өтті.

Көпшілікке рухани серпіліс сыйлаған кеш – күй абызына деген халық сағынышының ән мен сазға айналған көрінісі еді.

Кештің алғашқы сәтінде экран арқылы көрсетілген бейнефильм көрерменді Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен өнер жолына терең бойлатты. Одан соң оркестр орындауындағы композитордың шоқтығы биік туындылары – «Халық қуанышы», «Ата толғауы», «Сарыжайлау», «Аққу» секілді шығармалар жүректерге жол тартты.

Кештің құрметті қонағы – композитордың қызы, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері — ДІНЗУХРА ТІЛЕНДИЕВА.

Әкесінің сазы мен салтын жалғаған Дінзухра Нұрғисақызы оркестрмен бірге «Көш керуен», «Жүрегім менің» және «Әлқисса» сияқты жауһарларды асқан шеберлікпен сахна төріне алып шықты. Бұл – әке мен қыз арасындағы тылсым музыкалық сабақтастықтың көрінісі.

Кеш барысында өнерімен елге танылған Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, жерлесіміз Фархат Кубиев, филармония әншілері Айбар Хайырханов, Дастан Есентеміров, Еркін Өтегенов сынды вокалистер Нұрғиса әндерін жаңғыртты. Әсіресе, «Құстар әні» барша көрерменді толқытты. Композитордың жанын жаралаған бір оқиғадан туған бұл ән – халық жүрегіндегі Нұрғиса бейнесінің мәңгі өшпес символына айналғаны сөзсіз.

Концертте орындалған әр шығарма – Нұрғиса Тілендиевтің қайталанбас қолтаңбасын, ұлт рухын жаңғыртқан көркемдік әлемін паш етті. Оның туындылары – даланың тынысын, елдің арманын, ұлттың үні мен жүрек лүпілін бейнелейді.

Әлеуметтік желіде бөлісу