ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ ㅤ

ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ Назар аударыңыз! Құрметті тыңдарман, қонақтарға кедергі келтірмес үшін, филармония есіктері концерт басталғаннан соң, 25 минуттан кейін жабылады. Жас шектеуі: 6+ (өздеріңізбен бірге баланың туу туралы куәлігі сұралады)

ҒАСЫР ҮНІ – ДӘУІР ДАУЫСЫ – РУХАНИЯТ БИІГІ

image-29-05-26-10-42
Ақын, «Қазақстанның Еңбек Ері», дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменов мерейлі 90 жасқа толды. Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы ұжымы қазақ халқының даңқты ұлын мерейлі жасымен құттықтайды.
Олжас Сүлейменов – қазақ сөзі мен ұлттық философияның бренді, тұтас түркі дүниесінің абыройлы ақсақалы, әлемдік рухани кеңістікте өзіндік орны бар биік тұлға. Мәдениетаралық байланыстарды нығайту, сөз құдіретінің күшін таныту, азаматтық берік ұстанымның озық үлгісін көрсету тұрғысында мерейтой иесінің ұшан-теңіз еңбегі жатыр.
О. Сүлейменовтың «Адамға табын, Жер, енді!», «Аз и Я» сынды еңбектері әлемнің түкпір-түкпіріндегі жүздеген миллион оқырманның қолдауына, сүйіспеншілігіне ие болды. Расында, автордың тақырыпқа ауқымды кеңістікте қарайтын стилі, оның ұстанымы, көзқарасы көпшіліктің көкейіндегі сезім иірімдеріне дөп түскен-ді.
Қазақ жұртының бейбіт болашағы үшін ядролық қаруға қарсы қозғалыстардың басында жүріп, тұтас адамзатты зұлымдықтан ада болуға, бейбіт күн кешуге шақырды. Бұл – жай ғана қоғамдық жұмыс емес, күллі ғаламшар жұртшылығына жол көрсеткен үлкен жүректі азаматтың жанайқайы еді. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысындағы О. Сүлейменовтың еңбегі бір адамның ғана тұлғасын айшықтап қоймайды, керісінше, мерейтой иесінің еңбегі барша қазақ жұртшылығының бейбітшілікке деген ұмтылысын, кемел қоғам, бейбіт заман құруға деген пейіл-ұмтылысын айқындайды.
Олжас Омарұлының қазақ әдебиетіне, адамзаттық мәдениетті қалыптастыруға, тарихи сананы жаңғыртуға қосқан үлесі өлшеусіз. Әлем дидарындағы сан түрлі мәдениеттерді жақындастыруға, сол еңбегін сұлу сөзбен бекітуге саналы ғұмырын арнаған мерейтой иесінің тұлғасы мен есімі әлем тарихында сақталатыны сөзсіз.
Алмағайып заманда әдебиет пен қоғамға құбылыс болып келіп, бүгінде өз Отанының құрметті ақсақалына айналған Олжас Омарұлын мерейлі жасымен ұжым атынан шын жүректен құттықтаймыз!
Нұрғиса ДАУЕШОВ
Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы ұжымы
Әлеуметтік желіде бөлісу
 Версия сайта для слабовидящих